A learner corpus of Kazakh — a joint project of the University of Oxford and the A. Baytursynuly Institute of Linguistics.
Learner Corpus – қазақ тілін ағылшынтілді аудиторияға үйретуге арналған алғашқы кешенді лингводидактикалық ресурс. Ол қазақ тілінің ұлттық корпусы инфрақұрылымы негізінде жасақталып, мынадай құрылымды қамтиды: • А1-В2 деңгейлері бойынша мәтіндер • Адаптацияланған мәтіндер • Қазақ тілінің фонетикасы • Қазақ тілінің грамматикасы • Аудио, бейнематериалдар • Жазылым, тыңдалым, тілдесім, оқылым бөлімі • Жасанды интеллект негізіндегі сөйлеуді тану және тілдесу жаттығулары • Қазақ тілін шет тілі ретінде үйренушілердің өз қолымен жазған мәтіндері жинақталған Learner Corpus Жоба Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Оксфорд университеті «Бірсөз» ұйымы (Oxford Birsöz Initiative) ынтымақтастығы аясында ЖТН BR24993244 «Қазақ тілі ұлттық корпусын Smart-мәтіндер мегажобасы және қазақтілді жасанды интеллект негізі ретінде жетілдіру, ішкорпустарын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы негізінде әзірленді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің 2023 жылғы 24 қаңтарда Оксфорд университетіне барған іссапарының нәтижесінде Вульфсон колледжімен (Wolfson College) және Оксфорд «Бірсөз» ұйымымен (Oxford Birsöz Initiative) келісімшарт жасалды. Осы келісімшарт негізінде Оксфордта қазақ тілін оқыту бастамасы қолға алынды. Оксфорд «Бірсөз» ұйымы (Oxford Birsöz Initiative) – Оксфорд университетінің Вулфсон колледжіне қарасты түркі тілдерін Ұлыбританияда оқытуды және зерттеуді қолдайтын халықаралық бастама. Ұйым Оксфордтағы Низами Ганжави орталығының жетекшісі Лейла Нажафзаденің бастамасымен құрылды. 2025 жылдың күзінен бастап қазақ тілі курсы Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде өткізіледі. Қазақ тілін А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының мамандары оқытады. Оксфордтағы қазақ тілін үйренушілер төрт топқа жіктеледі: • Орталық Азияны зерттеушілер. Олар Қазақстанның тарихын, мәдениеті мен тілін зерттеу мақсатында қазақ тілін меңгереді. • Қазақстанды зерттеушілер. Еуразия өркениеті, экономикасы мен заманауи саяси жүйесіне қызығушылық танытатын Оксфорд білім алушылары. • Лингвистика мамандығының студенттері. Түркі тілдерін зерттейтін жас ғалымдар қазақ тілін түркі тілдерінің ішіндегі ең таза тіл ретінде міндетті оқу нысанына алады. • Heritage learners. Ұлыбританияға бала кезінде көшіп келген немесе ағылшын жерінде дүниеге келген қазақ отбасыларының балалары. Олар ана тілін меңгеру үшін курсты оқиды.