Мәтіндер тізіміне оралу
Сынған домбыра
B1 - Орта деңгей · 292 сөз

Сынған домбыра

Аудио плеер
0:00 --:--
Мектепте оқып жүрген кезімде бірнеше жыл домбыра үйірмесіне қатысқан едім. Музыкаға әуестігім де жоқ, ноталарды да ажырата алмаймын, әйтеуір бір жалаң қызығушылықпен басқаларға еріп, жазылып алғанмын. Үйірме аптасына екі рет түстен кейін болатын. Сабақтан кейін алдымен үйге барып тамақтанып, сосын домбырамды құшақтап, ауыл көшелерін аралай мектепке тартатынмын. Домбырам кішкентай еді. Бір досымның сыйлығы. Аптаның сол екі күнінен басқа күндері домбыра қабырғадағы кілемнің үстінде ілініп тұратын. Үйірмеде ең алдымен «Кеңес» күйін үйретті. Шертпе күй: домбыраның үстіңгі пернелерінен бірін мықтап қысып, ішегін тиекке жақын жерден бір шертіп, пернеге жақын жерден де бір шертіп, ойнай беретінбіз. Бұл, шамасы, ең оңай күйлерден бірі болса керек. Тез меңгеріп кеттік. Кейін «Айжан қыз», «Адай», «Балбырауын» күйлеріне де көштік. Бәрін сол бір кішкентай домбырамен ойнадым. Күйлердің шертпе-төкпесін, перне санын, қай пернені басу керектігін бірден үйреніп алсам да, домбыраның құлағын тартып, босатып, күйге келтіруді еш меңгере алмадым. Басқалары да осыны жарытпай-ақ қойды. «Домбыраларың жамырап кетті ғой», - деп күлетін ұстаз. Ал бір күні сол жамыраған кішкентай домбырам сынып қалды. Әдеттегідей түстен кейін мектепке келе жатқанмын. Мектеп төмендеу жерде орналасқан. Жолда бір төбешік бар, тастан қашап баспалдақ жасап қойған. Сол төбешіктен түсіп келе жатқанда аяғым тайып кетті де, домбыраны құшақтаған күйі омақаса құладым. Өзіме түк те болмады: басым тасқа емес, домбыраның шанағына тиіп, шанақ жарылып кетті. Домбыраны желімдеп, әлі де бірнеше күн бойы ойнадым. Шығатын дыбысы өзгермеген сияқты еді. Кейін бір туысым қаладан үлкендеу жаңа домбыра әкеліп берді. Ескісін ескі жеріне – қабырғадағы кілемнің үстіне іліп қойдық. Кейін ол үйден де көшіп кеттік. Үйірме де бітті, күйлер де ұмытылды. Ал сол кішкентай ғана сынған домбыраны жанымнан тастамадым. Кейде есімде қалған жалғыз күй – «Кеңесті» ойнаймын. Жоғарғы пернені мықтап қысып, тиектің жанынан бір шертіп, перненің жанынан бір шертіп, ойнай беремін. Желімденген шанақ дірілдей үн қатады. Сынған домбыраның әуені әлі де өзгермеген сияқты.