Мәтіндер тізіміне оралу
Ақбөкен аулағандар
B2 - Ортадан жоғары · 253 сөз

Ақбөкен аулағандар

Аудио плеер
0:00 --:--
Он бес жасар Нұрсерік аулаға жүгіріп шығып, сыныптастарымен демалып отырған ағасы Жанболатты тауып алды. Қолынан тартып: - Жүрші, бірдеңе көрсетемін, - деп бой бермеген соң, Жанболат амалсыз достарын тастап, інісіне еріп үйге кіріп кетті. Нұрсеріктің компьютерінде бір сайт ашық тұр екен. - Қара, ақбөкен аулағандар. Ағалы-інілі екеуі сайт бетіне үңіліп қарады. Шынында да ақбөкеннің етін қазіргі қой, сиыр, жылқы етінің бағасынан әлдеқайда аз бағада сатады екен. «Жеткізіп береміз!» - деп жазып қойыпты. Нұрсерік сайттың төменгі жағындағы «Пікірлер» батырмасын басты. Етті сатып алғандар оны суға салып жібіту керек екенін, қой етінен айырмашылығы жоқ екенін, арзан екенін жазыпты. Жанболат шекесін қасыды: - Бұл киіктер кезінде Қызыл кітапқа енгізілмеп пе еді? - Иә. Бірақ кейін жасыл түспен белгіленіпті. Қазіргі саны екі миллионға жетеді екен. Енді аулауға рұқсат берілген ғой. Екеуі біраз үнсіз қалды. 2023 жылға дейін ақбөкенді аулауға қатаң тыйым салынғаны, ол тыйымды бұзғандардың жазасы екі баланың да есінде еді. Әкелері полиция қызметкері. Кезінде Батыс Қазақстан облысында ақбөкеннің етін емес, мүйізін қасақана ұрлап сатқан жүздеген «сұғанақ аңшы» - браконьер ұсталған еді. - Бір жағынан санын азайтпаса да болмайды, - деді Жанболат. – Экожүйеге кесірін тигізеді. «Экожүйе» деген сөзді Жанболат кеше биология сабағында естіп қалған. Нұрсерік мырс етті: - Осылай атып-атып, аулап-аулап баяғы азайған қалпына келтірмекші ме? Қайтадан Қызыл кітапқа енгізіп, қайтадан өсіріп, қайтадан аулап... Екеуі тағы да сайтқа көз салды. «Жеткізіп береміз!» деген баннер қып-қызыл түспен жазылған. Көбейіп кеткен киіктердің санын реттеудің басқа амалы жоқ екенін, ақбөкен аулаудың енді заңды екенін ағалы-інілі екеуі де түсініп тұр. - Экожүйе, - деп қайталады Жанболат. Аузына басқа сөз түспеді.