Мәтіндер тізіміне оралу
Балбал
B2 - Ортадан жоғары · 202 сөз

Балбал

Аудио плеер
0:00 --:--
Алматыдағы Сейфуллин көшесін бойлай төмен түсе берсеңіз, бір мейрамхананың алдында тастан қашалған бірнеше мүсін көресіз. Мүсіндердің түр-сипаты үйреншікті емес: қол-аяқтары толық жасалмаған, беттері жалпақ, мұрындары ұзын. Бұлар ежелгі мәдениеттің қарапайым қолөнер туындысы ма, әлде ғұрыптық сипаттағы тас қорғаушылар ма? Тарихшылардың пікірінше, бұл мүсіндердің нақты қызметі жайлы дерек көп емес. Атауы да затына сай: балбал. Бұл көне түркі тілінің сөзі. «Соғу, ұру» деген мағына береді. Демек, тастан соғылған адам болса керек. Түркі қағанатының қанат жайған кезінде мұндай балбалдар иен далада көптеп кездесетін еді. Тас көздерін алысқа қадап, тас қабақтарын түйіп тұра берген. Кейбірі қолына қанжар, семсер ұстаса, кейбірінің өне бойында ру-тайпалық символдар қашалған. Ал расында балбалдар – ескерткіш еді. Жорықта қаза тапқан жауынгерлерге, хан-бекзадаларға, түменбасы, жүзбасыларға орнатылатын. Балбалдар көне түркі ғұрыптық обаларының бір бөлігі болып, ежелде қорған, сандықтастардың жанында орналасса да, кейіннен олардың бәрі қирап, тек тас жауынгерлер ғана аман қалған. Аруақтарға тағзым ету мақсатында балбалдарды күншығысқа қаратып тізбектеп орналастыра берген. Сондықтан кей жерлерде мұндай тізбектердегі мүсін саны алпыстан асады. Қазіргі қазақ даласында балбалдар әлі де кездеседі. Ең «жаңа» тас мүсіндер он екінші ғасырда жасалған. Олардың жанындағы қорғандар да, үйлер де, мәдениеттер де жойылып кеткен. Алайда тас жауынгерлер бұрынғыша тас көздерін алысқа қадап, тас қабақтарын түйіп, беттерін күншығысқа бұрып ғасырлар бойы тұра бермек.