Мәтіндер тізіміне оралу
Асық пен астрагал
B2 - Ортадан жоғары · 315 сөз

Асық пен астрагал

Аудио плеер
0:00 --:--
Жансая Ұлыбританияға іссапармен келген еді. Жиналыстың бәрі аяқталды, бизнес-серіктестері Жансаяға қаланың ішін аралатып, кешкі асқа шақырды. - Мұражай көргім келеді, - деді Жансая ағылшынша, сосын тіке сұрағанынан біраз ұялып: - Ұлыбританияның мұражайлары әлемге танымал ғой, - деп жымиды. Ағылшын серіктестер Жансаяны Ашмолеан мұражайының кіреберісіне әкеліп, екі сағаттан кейін дәл осы жерде күтіп алуға уәде берді. «Екі сағатта ішім пысып кетер», - деп ойлаған еді Жансая. Бірақ Ашмолеан ғимаратының есігі ашылып, оны жұтып алғаннан кейін Жансая сағатына қарауды да, кешкі асты да, кездесулерді де ұмытып кетті. Мұражайдың керемет бір атмосферасы Жансаяны баурап әкетті де, шырмауынан шығармай қойды. Тіпті суретке түсіруге де уақыты болмады. Тек тастан қашалған алып мүсіндерге, он сегізінші ғасырдың жанан (фаянс) ыдыстарына, ежелгі гректердің бидай сақтаған амфоралары мен шарап сақтаған пифтеріне үңіліп, мұражайды аралай берді, аралай берді. Сол ежелгі грек қолөнері мен салт-дәстүрлері бөлімінде Жансая біраз кідіріп қалды. Үлкен қыш амфораның жанында қазақтың асығына қатты ұқсайтын бірнеше сүйек сынығы жатыр екен. Жанындағы тақташада «Астрагал» деп жазылып тұр. - Астрагал?.. Кенет Жансаяның қасындағы шетелдік ер адам үн қатты: - Иә, астрагал. Немесе жануарлардың, әдетте қой немесе ешкінің асық жілігінен алынатын кішкене ғана сүйек. Ойыншық сияқты. Жансая жымиып қоя берді: - Біз оны «асық» деп атаймыз ғой! Демек ежелгі грек балалары да асық ойнаған ба? Жаңағы ер адам екеуі тақташаға үңіліп, мәтінді дауыстап оқыды. Астрагал – тек ойын үшін емес, кейде бал ашу үшін де пайдаланылған екен. Сүйекті жақсылап жонып, өңдеп, жинап, кейін ауаға лақтырып қалып, жерге қалай шашылып түсетінін бақылаған. Бірақ көбіне астрагалды балалар қолданған. Кәдімгі асық сияқты жерге жинап, атып түсірген. - Мәссаған... – Жансая сүйек сынықтарын жақыннан көруге тырысты. – Дәл біздікіндей екен. - Кейде екі мәдениет осылай күтпеген жерден ұштасып жатады, - деді шетелдік ер адам. Жансая басын изеді де, кішкентай ғана сүйек сынықтарымен ойнап жүрген ежелгі грек балаларын елестетті. Бір сәтке грек аралдары мен қазақ даласының, ежелгі заман мен орта ғасырдың, көне мәдениет мен қазіргі мәдениеттің арасындағы шекара жойылып кеткендей болды.