Мәтіндер тізіміне оралу
Бестас пен Гонги Нори
B2 - Ортадан жоғары · 215 сөз

Бестас пен Гонги Нори

Аудио плеер
0:00 --:--
«Кальмар ойыны» телехикаясы әлемге Оңтүстік Корей мәдениеті мен тарихын паш етті. Бұл шытырман оқиғалы хикаяға әуес жандар екінші сезондағы тайталасты қызыға тамашалаған болар. Төртінші бөлімнің орта шенінде қатысушылар бес түрлі ойын ойнайды: оның ішінде жұмыр ағаш тақташаларды атып түсіру де, «ләңгі» секілді допты аяқпен қағып ауада ұстау да, тіпті қазақтың «бестасы» да бар. Корей ұлты мен қазақ ұлты ежелден жақын қарым-қатынас құрмаса да, кейбір салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар екі мәдениет арасында ұштасатын сияқты. Мәселен, «Кальмар ойынында» көрсетілген «Гонги нори» қазақтың «бестасына» ұқсайды екен. «Гонги» сөзі «бес», ал «нори» сөзі «ойын» деген мағына береді. Демек, «Гонги нори» – бес таспен ойналатын ойын. Телехикаяда көрсетілгендей, «гонги нори» - ептілікті қажет ететін ойын. Қатысушылар бес жұмыр тасты алақандарына салып, бір-бірлеп ауаға лақтырып, қағып алады. Бір тас ауада болған кезде, қалған төрт тасты жерге жайып жіберіп, дереу теріп те алады. Болмаса бірін лақтырып, бірін ұстап, енді бірін жерден іздеп те жатады. Ойын осындай бес сатыдан тұрады екен. Ал қазақтың «бестасы» кейде бес, кейде жеті таспен, асықпен, басқа да жұмыр затпен ойналады. Балалар киіз үйдің алдында малдас құрып отырып, тастарды лақтырып, қағып алып, жерге шашып жіберіп, теріп алып, асыр салады. Бұл ойынды ересектер де ойнайды. Шапшаң қимылдайтын, епті, көзі қырағы адамдар ойында жетістікке жетеді. Бірімен-бірі етене араласпаған екі түрлі мәдениетте бірінен-бірі аумаған екі ойынның болуы – тарихтың кездейсоқ бір ғажабы.