Қазақша мәтін
14-наурыз
Подкаст түрінде екі жүргізуші бір-бірімен кезектесіп отырып сұхбат жүргізеді:
Сәлем, құрметті тыңдарман! Бүгін біз көктем мезгілінде болатын ерекше күн туралы әңгімелейміз.
Сәлем, баршаңызға. Иә, сенімен келісемін. Бүгін біздің тақырып қызықты болғалы тұр. Бұл – жай ғана көктемнің басталуы емес… Бұл – адамдардың қайта табысатын, өкпе-ренішті ұмытатын, жүректер жылитын күн. Бүгінгі тақырып 14-наурызда болатын “Көрісу” күні.
- Көрісу не мағына береді?
- Көрісу дегеніміз екі адамның бір-бірімен екі қолын ұсынып, қол алысып амандасуы, кей жағдайда бір немес үш рет құшақтасуы.
- Ммм, жәй бір қолын ғана беріп амандаспайды екен ғой. Екі қолын береді, иә?
- Әлбетте. Бұлай амандасу “Көрісу” мерекесіне ерекше жылылық пен жақындық, мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
- Адамдар кездескенде бір-бірін қалай құттықтайды?
- “Жасың құтты болсын! Бір жасыңмен!!” деп құттықтайды. Бұл тек сөз емес. Бұл – жаңа өмірге, жаңа үмітке қадам.
- Туған күнгі тілекке ұқсайды екен.
- Табиғатпен бірге халық та жаңарып, жаңа өмірін бастайды.
- Бір қызығы, мен бұндай дәстүрді Қазақстанның оңтүстік бөлігінен байқамадым.
-Дұрыс байқапсыз. Көрісу күні – әуелде Батыс Қазақстанда кең таралған дәстүр. Алайда соңғы жылдары бұл мереке бүкіл елге ортақ рухани құндылыққа айналып келеді. Қазір бұл мереке Қазақстанда кең таралып, көпшілік біліп қалды.
- Не себепті адамдар қол беріп көріседі? Оның қандай мәні бар?
- Бұл күні адамдар реніштің бәрін ұмытып, мейіріммен қайта табысады. Өйткені өмір қысқа, ал жақсылық мәңгі.
- Қандай терең мән, иә? Терең философия жатыр екен! Көрісу – тек қол алысу емес. Ол – жүрекпен қауышу.
- Сонымен қатар Қазақстанның батысында қыс өте суық. Ауылдар қашық орналасқан, халықтың бір-бірімен араласуы қиындау. Сол себепті қыстан аман-есен шыққанына, бір-бірін аман-сау көргеніне қуанады. Наурыз көже пісіріп, әдемі киімдерін киіп, көршілері мен алыс-жақын туысқандарына қонаққа барып, көктемді қуанышпен қарсы алады.
- Наурыз көже деген қалай пісіріледі?
- Наурыз көже — жеті түрлі дәмнен ет, су, ұн, дәнді дақылдар, сүт өнімдерімен дайындалатын дәмді ұлттық ас. Етті қайнатып, сорпасына бидай, арпа, тары, күріш сияқты дәндерді пісіріп, суыған соң айран немесе сүт, қатық қосып, тұздықтап, дәмін келтіріп дайындайды
- Дәмін татып көргім келеді.
- Мен сені Наурыз көже ішуге шақырамын.
- Тамаша болар еді. Маған сенің бала кезіңдегі Көрісу күнін тыңдау маған қызық болар еді.
- Солай ма?! 14-наурызда таңғы сағат 6-да анамыз үйдегілердің бәрін, бізді, бастауыш мектепте оқитын мені де ұйқымыздан оятатын. Көзімізді тырнап ашып, әуелі анамызбен, сосын үй-ішімізбен қол беріп, құшақтасып “Бір жасың құтты болсын” деп амандасып болған соң, көршілерімізге барамыз. Бара жатқанда мен “олар, мүмкін, таңғы уақытта ұйықтап жатқан шығар?!” деп ойлаймын. Бірақ олар да оянып, қазақтың ұлттық нандары шелпек, бауырсақтарын пісіріп, мен қуанышпен қарсы алады. Менімен көрісіп болған соң, “Көп жаса! Бақытты бол!” деп жақсы тілектерін айтып, қалтама тәтті кәмпит, бауырсақтарды салатын. Мен бұған қуанамын.
- Иә, 1990 жылдары кәмпит өте қат тағам болғанын білемін.
- Үй-ішіміз, көршілерімізбен көрісіп болған соң, мектептегі кластастарыммен, одан кейінгі күндері наурыз бен сәуір айларында алыста тұратын туыстарымызға барып көрісіп қайтамыз. Оған көлік табудың сол кезеңде өз қиындығы болған. Әсіресе, үлкен адамдар біздің келгенімізді міндетті түрде күтіп отыратын. Туған күніне келгенін күтпесе де, Көрісуге келууімізді күтеді.
- Бұл жақын мен алысты ағайынды жақындастыратын дәстүр екен ғой.
- Қазақта мақал бар: “Ағайын бармаса, келмесе жат болады” деген. Сол себепті ең болмағанда, жылына бір рет наурыз бен сәуір айларында алыс туысқандарға барып көрісу “туыстық парыз” болатын.
- Бәлкім, біз тек 14-наурызда ғана емес, әр күні “Көрісу күнін” жасап көрерміз? Біреуге жылы сөз айту, кешірім сұрау немесе жай ғана “қалайсың?” деу – кейде үлкен өзгеріс әкеледі ғой.
- Иә, “Сәлем - сөздің атасы” деген халықтың даналық сөзі бар. Есіңізде болсын: жыл басы – ақ ниет, жылы жүзден басталады.
Қызықты ақпаратпен бөліскеніңізге көп рақмет айтамын. Құрметті тыңдарман, ендеше, бүгін сіз кіммен көрісесіз? Кімге жылы сөз айтасыз? Ендеше жақыныңызды жылы құшағыңызға алып, оны кешіріп, оған ақ тілегіңізді айтып көрісіңіз.
Бір жастарыңыз құтты болсын. Бақытты болыңыздар. Сау болыңыздар!