Нұрислам анасына үйдің жанынан ашылған балалар дүкені туралы айтып отыр. Бұл дүкеннің ішінде балаларға керекті ойыншықтар мен басқа да қажетті заттардың түр-түрі бар екен. Ең кереметі, бұл жерде бар болғаны 150 теңгеге лотерея ойнатылады екен. Ойнаған балаға міндетті түрде ұтыс шығады, ұтысқа ұсақ-түйек заттардан бөлек, телефон, глобус сияқты қымбат заттар да түседі екен. Мұны естіген анасы «Неге тұрсыңдар ендеше, барып ойнап келіңдер!» деп, қасындағы досы екеуіне 300 теңге берді. Дүкен жақын. Балалар тез оралды.Үйге Нұрислам эмоциямен кірді:
- Мама, Нұрали телефон ұтып алды!
- Рас айтасың ба?
- Ия, мама! Сен берген ақшаға. Су жаңа телефон!
- Қандай керемет жаңалық! Жақсы болған екен. Құтты болсын! Нұралидің өзі қайда?
- Қуанғаннан секіріп үйіне кетті. Маған да, саған да қайта-қайта рақмет айтты.
- Жақсы болған екен!
- Мама, сол телефонды мен неге ұтпадым? Екеуміз бірдей ойнадық, маған неге сол телефон шықпады? Ол ұтыста қалған соңғы телефон екен. Маған да жаңа телефон керек еді ғой!
- Балам, досыңның ұтқаны – сенің ұтқаның, оған тікелей біз себепші болып тұрмыз. Оған қалай қуанбаймыз?!
Таңертең ұйқыдан тұрған бойда, анасына «Қайырлы таң, мама!» деп амандасып:
- Мен Нұралидің телефон ұтқанына әлі қызығып тұрмын, мен де ұтқанымда ғой.
- Балам, сол телефонды сен ұтып, досың ұтпай қалғанда мен ыңғайсыз сезінген болар едім. Сенің досыңның ұтқанына мен әлі қуанып, қуанышымды баса алмай тұрмын, – деді анасы шынайы күлімсіреп.
Бұл әңгімеден кейін анасы жұмысына, баласы сабағына кетті.
Түскі үзіліс уақында Нұрислам сабақтан шығып, анасына қоңырау шалды:
– Мама, менің достарым жиналды, бар болғаны алты баламыз, балалар дүкеніне лотерея ойнауға келіп тұрмыз. Ақшасын төлеп жіберші! – деді.
Тоғыз жастағы балапанның достарын да, анасын да тағы қуантқысы келіп тұрғаны жарқын-жарқын шыққан даусынан көрініп тұрды.
Ағылшынша аудармасы
A child''s story about winning a lottery for his friend