Әр мәдениетте көктем мерекесі бар. Қыс бітеді, қар ериді, адамдар да, жан-жануар да қуанады. Испаниядағы Фальяс фестивалі, Ресейдің «Масленицасы», Қытайдың шамшырақ мейрамы, Үндістанның Холи бояу мерекесі секілді тойлар көп. Ал түркі халықтарының көктем мерекесі, Жаңа Жылы – Наурыз. Наурыз мейрамы кезінде халық көже пісіреді, көшеге шығады, ұлттық ойындар ойнайды, ағаш егеді. Әр мәдениеттегідей, бұл мейрам қуанышқа толы.